25 ақп, 2020 сағат 14:05

Қазақстанда бензин мен дизель биржа арқылы саудаланады

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде өндірілген бензин мен дизель отының 10 пайызы биржа арқылы саудаланатын болады. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нарықтағы қарым-қатынастарды, оның ішінде мұнай өнімдерінің ашық саудада болуын қамтамасыз ету бағытында мұнай өнімдерін, атап айтқанда, 2020 жылдың 1 шілдесіне дейін мазут пен авиакеросинді биржаға шығарып, саудалау тәсілдерін ұйымдастыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Келесі жылдың 1 қаңтарында осы әдіспен нарыққа шыққан бензин мен дизель отынының 10 пайызы биржада саудаланады. Біз осылайша бұл әдісті сынақтан өткіземіз», - деді министр.

Еске салсақ, ол 2019 жылы 180 мың тонна бензин экспортқа шығарылғанын айтты.

«Дегенмен шекаралас Ресей, Қырғызстан, Өзбекстанға контрабандамен 400 мың тоннаға жуық бензин мен басқа да жанар-жағармай түрлері шығарылған», - деген Нұрлан Ноғаев бұған алдағы уақытта жол бермеу үшін бензинді автомобильмен ел аумағынан шығаруға тыйым уақыты ұзартылатындығын ескертті.