28 қаз, 2020 сағат 14:41

Қазақстанда балалардың қауіпсіздігі туралы интернет портал құрылмақ

Елімізде балалар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін «Балалардың қауіпсіздігі туралы» интернет порталын құру жоспарланған. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Сенат депуттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Интернетті пайдалану мәдениетін арттыру, интернет-қызметтерді пайдаланушылардың жауапкершілігін тәрбиелеу мақсатында білім беру ұйымдарының оқушылары мен тәрбиеленушілері үшін (3 млн. жуық оқушы, ата-аналар) «Мен OFFLINE», «Қауіпсіз интернет» кең ауқымды ақпараттық науқандар өткізіледі. 2019 жылдан бастап интернет желісінде террористік және діни-экстремистік сипаттағы материалдарды анықтау, есепке алу, бағалау және оларға қол жеткізуді шектеу жөніндегі жұмысқа тартылған мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын оңтайландыруға және автоматтандыруға бағытталған «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді», - деді Үкімет басшысы. 

Оның дерегінше, осы жылдың басынан бері интернет кеңістікте бала құқықтарын бұзумен байланысты 1 756 бұзушылық, суицидті, қатыгездікке табынуды және зорлық-зомбылықты насихаттайтын 553 материал анықталды. Оларды интернет ресурстардың меншік иелері мен әкімшіліктері алып тастады. 

«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар ұйғарымдар негізінде заңда тыйым салынған ақпарат қамтылған интернет ресурстарға қол жеткізуді шектеу бойынша шаралар қабылдауда. Балалар мен ата-аналар үшін Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде жарияланған «Балаларды интернет желісіндегі зиянды ақпараттан қорғау туралы», «Балаларды интернеттегі зиянды ақпараттан қорғау жөніндегі ата-аналарға арналған ақпараттық курс» ұсынымдары әзірленді, сондай-ақ Telegram мессенджерінде жедел хабарламалар режимінде тәулік бойы «BALA QORGAU» чаты ұйымдастырылған. Сонымен қатар, балалар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыру үшін «Балалардың қауіпсіздігі туралы» интернет порталын құру жоспарланып отыр», - деді Асқар Мамин.