Бүгін еліміз бойынша барлық бүлдіршіндердің тек 16,8% балабақшаларға барған. Бұл туралы ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің басшысы Майра Мелдебекова мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бүгін Қазақстанда 149 300 бүлдіршін балабақшаларға барды. Қазіргі уақытта мемлекеттік мектепке дейінгі мекемелер тек өңірлерде штаттық режімде жұмыс істейді.
«Төтенше жағдай енгізілгенге дейін мектепке дейінгі ұйымдарға 888,3 мың бала келген. Егер ТЖ-ның бірінші күні (16 наурыз) мектепке дейінгі ұйымдарға келушілер көрсеткіші 42% (392 мың адам) болса, 19 наурызда тек 28 пайызды құрады», - деді Майра Мелдебекова.
Еске сала кетсек, Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин жариялануына байланысты мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар жабылған. Сондай-ақ, Түркістан облысында халықтың тығыздығына және инфекцияның таралу қаупінің жоғары болуына байланысты барлық балабақша жұмысын тоқтатты.
Бұған дейін ҚР Білім және ғылым министрлігі ата-аналарға балаларды мүмкіндігінше мектепке дейінгі ұйымдарға апармауды ұсынған еді.