Фото: almaty.tv
Қазақстанда соңғы жылдары бала туу көрсеткішінің төмендегені байқалады. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы 388 428 бала дүниге келсе, одан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 403 893 болған. Сарапшы бала туу көрсеткіші ұрпақ алмасуға тәуелді екенін, 1990-жылдардағы дағдарыс кезінде бала туу баяулағаны бүгінгі көрсеткішке әсер ететінін айтады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, былтыр елдегі туу коэффициенті 1000 адамға 19,52 болған. Бұл көрсеткіш 2022 жылға қарағанда (1000 адамға 20,57) төмен. Ең жоғары туу көрсеткіші Маңғыстау (1000 адамға 26,74) мен Түркістан (1000 адамға 26,18) облыстарында байқалған.
Экономикалық зерттеулер институтындағы Өңірлік зерттеулер орталығының бас сарапшысы Шынар Төлешова туу коэффициентінің төмендеуі бейби-бум кезеңіне байланысты деп есептейді.
«[1990-жылдардың басындағы] дағдарыс кезінде балалардың туу қарқыны баяулаған. Бұл бүгінгі жастардың да кешірек үйленіп, сонымен қоса баланы кеш тауып жатқанның бір салдары. Одан кейінгі 2000-жылдардағы ұрпақ ер жетіп, туу жасына енді жетіп жатыр. Туу деңгейі қазір төмендегенімен, алдағы уақытта ол өсуі мүмкін. Бірақ біз олардың репрадуктивті ұстанымына қарауымыз керек», – дейді сарапшы.
Сарапшы бейби-бум кезеңі 2-3 жылдан артық болмайтынын, одан кейін коэффицент төмендей беруі мүмкін екенін айтады.
2022 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстандағы туу көрсеткішінің динамикасын зерттей отырып, ел халқы 2100 жылға қарай 28 миллионға жететінін болжаған. Мекеме сарапшылары Қазақстан бұл санға қазіргі туу коэффициентін сақтағанда ғана жете алатынын тілге тиек етеді.
БҰҰ демографтары халық санының тұрақты түрде өсіп отыруы үшін кемі туу коэффициенті бір әйелге орта есеппен 2,2 балаға тура келеді деп есептейді. Қазақстанда қазір бұл көрсеткіш 2,84-ті құрайды.
Қазір Қазақстан халқының саны 20 миллион 75 мыңнан асты. Былтыр қараша айында меже 20 миллионға жеткенде Ұлттық статистика бюросының өкілі мекеме БҰҰ-ның болжамы секілді нақты болжам жасамайтынын және туу көрсеткішіне түрлі сыртқы факторлардың да әсері болатынын айтқан.
“Біз түрлі әдістерді қолдана отырып, демографиялық болжам жүргіземіз. Мысалы, миграция, туу процесі. 2021 жылы туу көрсеткіші күрт өседі деп кім ойлады? Бұған коронавирус пандемиясы тікелей әсер етті”, – деген еді ол.
Астаналық Әсия екі баланың анасы. Ол қазіргі қазақ қоғамы да өзгеріп келе жатқанын, оның да бала туу көрсеткішіне әсер етіп жатқанын айтады.
«Мен 29 жасымда тұрмыс құрдым. Оған дейін, оқу мен жұмысты ғана ойлап, отбасы құру туралы ойлануға уақытым болмады. Қазір қыздардың бәрі кешірек тұрмысқа шығады. Бұрындары ертерек күйеуге тиіп, бала табу міндет болатын. Ал қазір отбасы құру – әйел үшін «бонус». Бұл бүгінгі норма», – дейді ол.
Сарапшы Төлешованың сөзінше, туу көрсеткішіне елдегі урбандалу, әлеуметтік экономикалық жағдайдың өзгеруі де әсер етеді.
«Әйелдердің жоғары білім алып, мансап қуып, отбасы құруға асықпауы, одан кейін өзі үшін некеден тыс бала туып алуы, ажырасудың көбеюі, азаматтық некенің артуы, баласыз өмір сүретін жұптардың көбеюі секілді мәселелердің бәрі Еуропада болып кеткен жағдай. Оларда қазір туу көрсеткіші өте төмен деңгейде. Олардың қазіргі коэффициенті шамамен 1,2-1,3-ті құрайды. Біздің жағдай шеттен тыс шығып кетпесе де, балалар санының азаюына әкелудің себебіне жатады» , – дейді Шынар Төлешова.
Қазақстанда халық санының табиғи өсуінің коэффициенті кейінгі 10 жылда төмендеген. Мысалы, бұл көрсеткіш 2014 жылы (1000 адамға шаққанда) 14,7 болған. Ал былтыр 13,8-ге түскен.
Қазақстан үкіметі халық санын өсіру үшін көпбалалы отбасыларға тұрақты әлеуметтік жәрдем беріп келеді. Мысалы, кәмелетке толмаған төрт және одан көп баласы бар немесе 23 жасқа дейінгі оқитын студенті бар көпбалалы отбасыларға табысына қарамастан жәрдемақы тағайындалады.
Нақтырақ айтқанда, төрт балаға – 16,03 АЕК (1 АЕК – 3 692 теңге) немесе 59 183 теңге, бес балаға – 20,04 АЕК немесе 73 988 теңге, алты балаға – 24,05 АЕК немесе 88 973 теңге, жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге, сегіз және одан көп балаға – 28,06 АЕК немесе 103 598 теңге қосымша жәрдемақы беріледі.
Ақлима Болатқызы