08 жел, 2021 сағат 14:26

Қазақстанда азық-түлік бағасы өсуінің негізгі себептері қандай?


«Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенаты депутаты Әли Бектаев халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азық-түлік тапшылығы мен баға тұрақтылығын сақтау үшін алдымен ортадағы делдалдарды құрту керек. Өйткені, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерден тауарды алып, нарыққа шығаратын негізінен солар. Оны базарда отырып сататын да делдалдар. Екінші жолы, бұрынғыдай тұтыну кооперациясы жүйесін қайта енгізу. Яғни халық тұтынатын азық-түлік бір орталықтан, бір бағамен сатуға мүмкіндік жасау керек. Өз басым сонда ғана азық-түлік тапшылығы мен бағаның өсуін тежеуге болады. Ол үшін бізде мүмкіндік бар. Осы орайда бүгінде Сауда министрлігі өңірлерде көтерме сауда орталықтарының негізін қалап жатыр. Оның ішінде азық-түлікте бар. Ендігі мақсат - қолға алған шараны тиянақты атқарып, аяғына жеткізу», - деді Әли Бектаев. 

Сондай-ақ, Сенат депутаты азық-түлікке қатысты тағы мәселенің басын ашып көрсетті. 

«Бүгінде елімізде азық-түлікті сақтау проблемасы бар. Бізде ауыл шаруашылығы өнімдері және дайын азық-түлікті сақтайтын қоймалар жетіспейді. Қойма бар болса да ол стандартқа толық сәйкес келмей жатады. Соның салдарынан өнімнің біразы шіріп, жарамсыз болып қалады. Оның арты тауар тапшылығына және тиісінше бағаның өсуіне алып келеді. Осы сәтте ортаға делдалдар кіріп, бағаны өсіріп жібереді. Азық-түлікті сақтаумен қатар оны жеткізу де - айтулы мәселе», - дейді ол. 

Оның айтуынша, елімізде азық-түлік тапшылығын болдырмау мен бағаның өсуіне жол бермеуге заң тұрғысынан толық мүмкіндік бар.