Фото: elements.envato.com
Қазақстанда алимент төлемегені үшін 1 618 адам іздестіріліп жатыр. Оның ішінде ерлердің саны – 1 476, ал әйелдер – 142, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, іздеуде жүргендердің көбісі - 31 жастан 40 жасқа дейінгілер.
Өңірлер бойынша:
• Астанада – 361,
• Алматы – 191,
• Ақтөбе – 143,
• Қостанай – 140,
• Жамбыл – 140,
• Павлодар – 108,
• Алматы – 102,
• Маңғыстау облысында 59 адамға іздеу салынған.
2023 жылдың 9 айында сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде алимент төлеу жөніндегі міндеттерді қасақана орындамау фактілері бойынша 427 қылмыстық іс тіркелген (қылмыстық кодекстің 139-бабы). Айта кетсек, Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Облыстар бойынша мұндай қылмыстық құқық бұзушылықтадың ең көп бөлігі мына өңірлерде:
• Маңғыстау – 46,
• Алматы облысында – 45,
• Қостанай – 44,
• Шығыс Қазақстан – 43,
• Павлодар – 40,
• Қарағанды – 35,
• Абай – 32,
• Ақмола – 26,
• Солтүстік Қазақстан-21,
• Астана қаласында – 17 факті тіркелген.
Осы кезеңде Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 207 адам сотталды. 4 адам бас бостандығынан айырылды, 2 адам шартты түрде сотталды, 196 адамның бас бостандығы шектелді, 5-еуі қоғамдық жұмыстарға тартылды.
Жалпы алимент бойынша сот орындаушылардың өндірісінде алимент өндіріп алу туралы 309 670 атқарушылық іс орындауда болды. Бұл ретте балаларға ғана емес, ата-аналарын, жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға алимент өндіріп алынады.
• 291 886 атқарушылық іс - балаларды күтіп-бағуға арналған алимент бойынша;
• 773 атқарушылық іс - еңбекке қабілетсіз ата-аналарын күтіп-бағуға;
• 4 506 атқарушылық іс - еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағу өндірістері болды.
Бұдан басқа, көрсетілген кезеңде соттармен бұйрық тәртібінде кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіріп алуға қатысты 31 493 азаматтық іс қаралды.