04 қар, 2025 сағат 15:40

Қазақстанда алғаш рет көне кітаптарды қалпына келтіруде қағаз құю әдісі енгізілді


Фото: ҚР МАМ


Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында көне кітаптар мен қолжазбаларды қалпына келтіру саласында алғаш рет қолмен қағаз құю әдісі тәжірибеге енгізіле бастады, деп хабарлайды Ult.kz.


Жаңа тәсіл түпнұсқа қағаздың құрамына барынша ұқсас материал дайындауға мүмкіндік береді және реставрация кезінде жоғалған беттер мен бөліктерді толықтыру мақсатында қолданылады.


Мамандардың айтуынша, қағаз құю процесі жарамсыз немесе қалдық қағаздарды қайта өңдеу технологиясына негізделген. Сонымен қатар, орталықта шетелден әкелінген арнайы қағаз массасымен де тәжірибе жасалды.


Қағаз дайындау барысында мақта, целлюлоза, зығыр және сора талшықтарынан суспензия (пульпа) әзірленеді. Ол сүзгі арқылы біркелкі қалыптастырылып, табиғи жағдайда кептіріледі. Бұл тәсіл XIII–XIV ғасырлардағы Еуропа мен Азияда кеңінен қолданылған дәстүрлі қағаз жасау технологиясына сүйенеді.


Дайын парақтар реставрациялық жұмыстарда — жыртылған немесе зақымданған беттерді қалпына келтіруде, жоғалған бөліктерді толықтыруда пайдаланылады. Қажет болған жағдайда парақтар метил целлюлозамен желімделіп, агат тасы арқылы жылтыратылады.


Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, қағаз құю әдісінің енгізілуі ұлттық мәдени мұраны сақтау ісінде маңызды қадам болып табылады. Бұл бастама көне жазба ескерткіштердің өмірін ұзартып қана қоймай, дәстүрлі технологияларды заманауи деңгейде қайта жаңғыртуға бағытталған.