ҚР Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктері Қазақстан Республикасында төтенше жағдай кезінде «Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек сауда бағасын енгізу туралы» бірлескен бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Еліміздің Сауда министрлігінің дерегінше, бүгінгі күннен бастап мынадай тауарларға шекті бағалар белгіленді: 1) бірінші сортты бидай ұны, 2) бірінші сортты ұннан жасалған бидай наны (пішінді), 3) макарон өнімдері (өлшеніп салынатын), 4) қарақұмық жармасы (дән, өлшеніп салынатын), 5) тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп салынатын), 6) сиыр еті (сүйекті жауырын-төс бөлігі), 7) тауық жұмыртқасы (I санатты), 8) күнбағыс майы, 9) ас тұзы («экстра»-дан басқа).
«Соңғы айда Қазақстанның азық-түлік тауарларына деген сұранысын талдау нәтижесінде бұл тауарлар ең көп сатып алынатыны анықталды. Соған байланысты, осы жылдың басынан бастап дәл сол азық-түлік бағасы өсті. Бағалар әр аймаққа жеке белгіленеді. Нұр-Сұлтан қаласында 1-ші сұрыпты ұннан 1 келі нан ең көп дегенде 150 теңге, Алматыда – 146 теңге, Шымкент қаласында – 146 теңге тұратын болады. Өңірлерде: Маңғыстау облысында – бір келі нан үшін 164 теңге, Ақтөбе облысында – 147, Атырау облысында – 164, Ақмола облысында – 160, Қостанай облысында – 139, Қызылорда облысында – 143, БҚО – 160, ШҚО – 150, Павлодар облысында – 161, СҚО – 120, Алматы облысында – 144, Жамбыл облысында – 138, Түркістан облысында – 148. Қарағанды облысында шекті бағалар елді мекендерге байланысты белгіленген. Онда 1 кг нанның құны 142 теңгеден 160 теңгеге дейін», - деп атап өтеді министрліктен.
Ведомствоның атап өтуінше, баға бір келі нан үшін белгіленген. Бірақ, бір бөлке нан – 550 грамм. Осылайша, нан бөлкесінің құны, мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында – 82,5 теңгеден, Алматы және Шымкент қалаларында – 80,3 теңгеден аспайды.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына рұқсат етілген шекті бөлшек сауда бағаларының мөлшерін арттыру 265 100 теңгеден 530 200 теңгеге дейін айыппұл түрінде жазаға әкеп соғады.