18 нау, 2020 сағат 18:56

Қазақстанда әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға техникалық құралдар мен оңалтуға қажетті қызметтерді таңдау мүмкіндігі беріледі. Бұл үшін әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылмақ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Азаматтардың өтініштерінің орындалуын қадағалау бөліміне мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесі бойынша өтініштер үнемі түсіп жатады. Осыған байланысты биыл салалық Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан мүгедек жандарға техникалық құралдар мен оңалтуға қажет қызметтерді өз бетінше таңдап, жеке көмекшінің жұмыс кестесін реттеп отыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істей бастайтынын атап өткіміз келеді», - делінген ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының Telegram-парақшасында жарияланған ақпаратта.

Президент Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының түсіндіруінше, жеке көмекші – мүгедек адамды тұратын мекенжайынан баратын жеріне дейін және қайта алып келетін әлеуметтік қызмет көрсетуші маман. Жеке көмекші қызметіне қол жеткізу үшін қозғалып-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектер еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығына, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, «Электрондық үкімет» веб-порталына өтініш түсіруі керек. Жеке көмекшінің сүйемелдеп жүру қағазы оның мүгедекпен бірге жүріп, қанша уақыт жібергенін анықтап, ақысын төлеуге мүмкіндік береді. 

«Жеке көмекші қызметі жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Министрлік Қазақстан Республикасындағы мүгедек жандардың құқықтарын қамтамасыз етіп, өмір сапасын арттыру мақсатына бөлінген қаржының қалай игеріліп жатқанын ай сайын қадағалап, тексеріп отырады», - деді қоғамдық қабылдаудан.