Қазақстанда өңірлердегі Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің орнына әлеуметтік бағдарламалар қызметтерін құру көзделіп отыр. Бұл туралы Еңбек министрлігі хабарлады.
«Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің орнына әлеуметтік бағдарламалар қызметтерін құру бастамасы бар. Жүйедегі қайта құру процестерін тиімді басқару үшін жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік қызметтерін қазіргі кездегідей осы міндеттерді орындауға емес, әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды үйлестіруге және ұйымдастыруға қайта бағдарлау көзделеді», - делінген ұлттық жоспардың жобасында.
Еске сала кетсек Қазақстанда әлеуметтік қызмет көрсету жүйесі жаңғыртылатыны өткен айда хабарланған еді. Қазіргі уақытта елімізде әлеуметтік қызметкерлер тесттен өтіп жатыр.
Осы жылдың 5 желтоқсанына дейін шамамен 12 мың адамды сынақтан өткізу жоспарлануда. Тест әлеуметтік қызметкерлердің базалық білім деңгейін анықтау үшін өткізіледі. Содан кейін олар оқытылады.
Құжат жобасы «Ашық деректер» порталында орналасқан.