23 ақп, 2022 сағат 15:00

Қазақстанда АЭС салмай-ақ, уранға электр энергиясын айырбастауға болмай ма – Министрлік жауап берді


Қазақстан өз аумағында АЭС салмай-ақ, осындай жобаны қолға алған көрші елдерге ядролық отын сату арқылы қажетті энергияны бартерлік негізде алуға болмай ма? ҚР Энергетика министрлігінің мамандарына Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай сұрақ қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Энергетика министрлігі электр энергетикасын даму департаментінің директоры Айдос Дәрібаевтың сөзіне қарағанда, мұндай бартерлік келісім Қазақстанға электр тапшылығы болмайды деген кепілдік бере алмайды. 

«Біз электр энергиясын импорттайтын болсақ, тәуелділікке тап боламыз. Біздің ұлттық қауіпсіздігімізге зияны тиеді. Біз 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім тұжырымдамасын дайындаған кезде өзіміздің экономикамыздың қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін қанша қуат көзін салу керектігін белгіледік. Сол мүмкіндікке жеткізу үшін жұмыс істейміз. Өйткені әр түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Қазақстан Республикасы өз алдына жұмыс істейтін уақыт болса, өзіміз тұтынатын энергияны толығымен өзіміз өндіруіміз керек», - деді маман. 

Ал атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментінің директоры Жаслан Қасеновтың айтуынша, уран нарығының өз ережелері бар. 

«Реакторды орнатып беретін тарап пен технологияны тұтынушы тарап келіссөз кезінде отынды қайдан алатынын алдын ала бекітіп алады. Сондықтан сіз айтып отырған Өзбекстанда АЭС салу келіссөзі бойынша отын мәселесі де шартқа еніп қойды деп топшылаймын. Тіпті уран беру арқылы өзге елден атом энергиясын пайдаландық деген күннің өзінде қауіпсіздік мәселесі бар. Иә, біз уран жеткізіп тұруымыз мүмкін. Бірақ электр қуаты бойынша бәрібір тәуелді боламыз. Уран нарығы Қазақстанмен ғана шектелмейді. Қазір ол биржа алаңдары арқылы сатылады», - деді Айдос Дәрібаев.