Қазақстанда адвокаттар саны артты. Бұл туралы Әділет министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінен кейінгі брифингте осы ведомствоның басшысы Марат Бекетаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай, адвокаттар әлі де жеткіліксіз. Егер де Англияда бір адвокатқа 800 адам тиесілі болса, Ресейде – 1900, ал бізде заң қабылданғанға дейін бір адвокатқа шаққанда орташа есеппен 3900 адамнан келді. Жалпы, 4 700 қорғаушы болды», - деді Бекетаев.
Осы орайда, ол қорғауға мұқтаж адамдарға тегін адвокаттарды мемлекет тарапынан ұсынудың төмен сапасы байқалып отырғандығын атап өтті.
«Бұл нені білдіреді? Адамдар адвокат іздей келе, біреуін табады. Алайда тапшылық бар салада сапа да төмен болады, сәйкесінше осы адвокаттарға жүктемеде көп екенін атап өткен жөн. Атап айтқанда, адвокатура клиенттерінің бірі - ол мемлекет. Бұл тұрғыда қорғаушыға ақшасы жоқ азаматтар үшін мемлекет жалдайды. Осы салада мемлекет кадр тапшылығы мәселесіне тап болуда, яғни жұмыс істеп жүрген адвокаттарды ғана қызметке тартады», - деді М. Бекетаев.
Оның атап өтуінше, «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң қабылданғаннан кейін жағдай біршама жақсарды.
«Заң қабылданғаннан кейін адвокаттар саны күрт артты. Осы орайда жағдай жақсаруда, олар өзара бәсекелестікке түсіп жатыр», - деді Әділет министр.