Қазақстанда 899 медицина қызметкері Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан біржолғы әлеуметтік төлем алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, аталмыш төлем медицина самандарына коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтырған жағдайда төленеді.
Баспасөз мәліметтерінде сонымен қатар аталған аурулардың салдарынан қайтыс болған медицина қызметкерінің туыстарына сақтандыру қорынан төлем жасалған.
«Бұдан бұрын хабарланғандай, жоғарыда аталған төлемді алатын медицина қызметкерлерін өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармалары жанындағы арнайы комиссиялар анықтайды. Бұл ретте ауырған медицина қызметкерлерін тексеру нәтижелері назарға алынады. Өтінімдерді жинақтауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жүзеге асырады, одан кейін өтінімдер электрондық іс макеттерін қалыптастыру үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына, одан кейін төлем тағайындау үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жіберіледі. 26 тамыз сағат 9:00-дегі жағдай бойынша МӘСҚ COVID-19 немесе вирустық пневмония жұқтырған 899 медицина қызметкерінің өтініші бойынша және аурудың салдарынан қайтыс болған 3 медицина қызметкерінің өтініш бойынша ақшалай қаражатты тағайындау мен төлеуді жүзеге асырды»,-делінген хабарламада.
Аталған төлемдердің ең көбі Нұр-Сұлтан қаласында (120), Алматы облысында (85), Алматы қаласында (84), Ақмола (80) және Батыс Қазақстан облыстарында (67) жүзеге асырылды.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі «Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес төленеді. Яғни коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкеріне – 2 млн. теңге, COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған маманның отбасына – 10 млн. теңге көлемінде қаржы төленеді.