23 ақп, 2022 сағат 14:17

Қазақстанда 68 мыңнан астам мемлекеттік қызметші біліктілігін арттырды


Өткен жылы елімізде 68 мыңнан астам мемлекеттік қызметші білімін жетілдірді. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің кеңейтілген алқа отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы академияда оқу бағдарламалары бекітілген жоспарға сай іске асырылды. Қаңтардан қазанға дейін оқу онлайн форматта, кейін аралас форматта өтті. Қысқа мерзімді оқытудың тиімділігін күшейту мақсатында академия коучингтік технологиялар мен ассесмент құралдарын қолдана отырып, корпоративтік біліктілікті арттыру семинарларын іске асыру бойынша жобаларды жалғастырды. Мұндай формат кезінде тыңдаушылар мемлекеттік органның нақты проблемаларын шешуге қатысып, топтық жобалар жасайды. 2021 жылғы сәуір-шілде аралығында академия және оның филиалдары ҚР Әділет министрлігімен бірлесіп, ҚР әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нормалары бойынша 68 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілерін оқытып шығарды», - деді Ерлан Әбіл. 

Академия басшысының айтуынша, одан 36 мыңнан астам мемлекеттік қызметші қысқа мерзімді оқытудан өтті. 

«Сонымен қатар біз экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, UN PAGE бағдарламасының (БҰҰ-ның Жасыл экономика бойынша іс-қимыл жөніндегі әріптестігі) және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Герман қоғамының қолдауымен 700 мемлекеттік қызметшіні, оның ішінде Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген мемлекеттік қызметшілерді оқыту бойынша «Жасыл экономика және төмен көміртекті даму» жобасын іске асырдық», - дейді ол. 

Одан бөлек, ректор өткен жылы қазанда академияда мемлекеттік басқару саласындағы қазақстандық тәжірибені зерделеу және ұлттық жобаларды іске асыру мақсатында Ресейдің басқарушы кадрлары резервінің жоғары деңгейін даярлау бағдарламасы бойынша тағылымдама ұйымдастырылғанын айтып өтті.