27 нау, 2020 сағат 16:33

Қазақстанда 65 жастан асқан азаматтардың көшеде жүруіне шектеу енгізілді

Қазақстанда 65 жастан асқан адамдардың көшеде жүруіне шектеу енгізілді.

Бұл туралы ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетованың Қаулысында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«65 жастан үлкен азаматтарға азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізуді қамтамасыз ете отырып, олардың қозғалысын шектеу қамтамасыз етілсін», - делінген Бас санитардың 2020 жылғы 26 наурыздағы №27 қаулысында.

Одан бөлек, Қаулыда:

- 6 сәуірден бастап барлық орта білім беру ұйымдарын қашықтықтан оқытуға ауыстыру;

- әуежайлардың, теміржол және автовокзалдардың ғимаратына шығарып салушы және күтіп алушы адамдардың кіруін шектеу; 

- дипломатиялық өкілдіктердің, консулдық мекемелердің және Қазақстан Республикасында аккредиттелген халықаралық ұйымдар өкілдіктерінің қызметкерлері және олардың отбасы мүшелері COVID-19-ға зертханалық тексеруге және 14 тәулік бойы үйде оқшаулау қажеттігі туралы айтылған.

Еске сала кетсек, қазіргі уақытта коронавирус инфекциясымен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 60 адам, Алматы қаласында – 48 адам, Қарағанды қаласында - 4, Жамбыл облысында -3 адам, Атырау облысы - 3 адам, Шымкент қаласында - 2 адам, Алматы облысында - 1 адам, Ақтөбе облысында - 1 адам, Солтүстік Қазақстан облысында - 1 адам, Ақмола облысында - 1 адам, Павлодар облысында - 1 адам, жалпы 125 науқас тіркелді.