24 ақп, 2020 сағат 09:48

Қазақстанда 5,7 млн адам спортпен жүйелі түрде шұғылданады - министр

2025 жылға қарай спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың санын 35 пайызға дейін арттыру шаралары қабылданады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар санының тұрақты өсу үрдісі байқалады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 5,7 млн адамды немесе 30,6 пайызды құрады. Бұл ретте Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруін қамтамасыз ету үшін дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын адамдардың санын 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыру шараларын қабылдауымыз қажет. Себебі бұқаралық спорт миллиондаған адамдарға олардың физикалық қасиеттері мен дене мүмкіндіктерін жақсартуға, денсаулығын нығайтып, өмірлерін ұзартуға мүмкіндік береді», - деді А. Райымқұлова Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында.

Оның сөзіне қарағанда, салауатты өмір салтын насихаттау мен бұқаралық спортты дамытудың аясында 2019 жылы жалпы саны 6,8 млн адамды қамтыған 53 мың іс-шара өткізілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістегі үкімет сағатында депутат Гүлмира Исимбаева халқының 60 пайызға жуығы спортпен айналысатын АҚШ, Жапония, Канада сияқты елдермен және Еуропа елдерімен, халқының 55 пайызының спортпен шұғылданатын Ресеймен салыстырғанда, Қазақстанның көрсеткіші төмен деңгейде екенін атап өтті.