15 жел, 2021 сағат 15:50

Қазақстанда 560 америкалық компания жұмыс істейді


Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 560-тан астам компания табысты жұмыс істеуде. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«АҚШ – Қазақстан экономикасының екінші ірі инвесторы екенін атап өткім келеді. Қазақстанда америкалық капиталдың қатысуымен 560-тан астам компания табысты жұмыс істеп жатыр. Сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық кооперацияны одан әрі нығайту жолдары да бүгінгі отырыста талқылануда. Пікір алмасу жолымен біз еліміздегі саяси реформаларды, демократияландыру мен адам құқықтарын сақтауды қарастырдық және алдағы уақытта да қарастыратын боламыз», - деді Ақан Рахметуллин Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысынан кейінгі брифингте. 

Оның айтуынша, қазақстандық тарап америкалық әріптестермен бірге С-5+1 диалогы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты нығайтудың маңызды құралы болып қала береді деген пікірде. 

«Келесі жылы біз өзара саяси және экономикалық байланыстардың осындай жоғары қарқынын жоғары деңгейде ұстап тұруға ниеттіміз. Америкалық серіктестерімізге елімізге сапарлағаны үшін, шараларға белсенді қатысқаны үшін алғыс айтамыз», - деді Рахметуллин.

Айта кетейік, бүгін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының көмекшісі Дональд Лудың төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссия отырысы өтті.