18 нау, 2021 сағат 08:34

Қазақстанда 40 мың автокөлік ұрланған

15 жылда елімізде 40 303 автокөлік ұрланған. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында сенатор Ләззат Сүлеймен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, жалпы отырыста «2005 жылғы 25 қарашадағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің автокөлік құралдарын жымқыруға қарсы күрестегі және оларды қайтаруды қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды. 

«Хаттама Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы аумағында ұрланған автокөлік иелерінің құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуге, қылмыстық қолсұғушылыққа қарсы іс-қымыл жүйесін жетілдіруге бағытталған. 

Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, соңғы 15 жылда елімізде 40 303 автокөлік ұрланған, оның ішінде 26 079-ы (64,7%) табылып, иелеріне қайтарылған, 14 224-і (35,2%) табылмаған. Ұрланған автокөліктердің 223-і ТМД елдерінде табылып, оның 66-сы елімізге қайтарылған (29,5%). Сондай-ақ, біздің елімізде осындай 233 автокөлік табылып, 84-і (36%) ТМД елдеріне қайтарылды», - деді сенатор. 

Оның айтуынша, 2020 жылы елде ұрланған 2121 көліктің ішінен 547 ұрлық және айдап кету фактілері бойынша қылмыстық есепке қойылды, 412-сі иелеріне қайтарылды, ал қалған 1162-сі қаржы пирамидалары және алаяқтық бойынша тергеліп жатқан қылмыстық істер аясында есепке қойылды («Гарант 24 Ломбард», «ЕЅТАТЕ Ломбард» және «тиімді қарыз беру»). Осы істер бойынша барлық автокөліктер сот шешімінен кейін қылмыстық есептен шығарылады.