29 қаз, 2020 сағат 16:47

Қазақстанда 17 жылда жол апатынан 49 мың адам қаза тапқан

Қазақстанда 17 жылдың ішінде жол апаты салдарынан 49 мың адам қаза тапты. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне қарасты «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Әлемде жыл сайын жол апатынан 1 млн 350 мыңнан астам адам қаза табады. Бұл күн сайын 3,5 мыңнан астам адамның өмірімен қош айтысатынын білдіреді. Бұған қоса, жыл сайын 25 млн адам түрлі дене жарақатын алып жатады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Орталық бас директорының мәліметіне қарағанда, соңғы 17 жылдың ішінде елімізде 270 мың жол-көлік апаты орын алып, салдарынан 49 мыңнан астам адам көз жұмған. 

Ал түрлі дәрежеде дене жарақатын алған адам саны 300 мыңнан асып жығылады. 

«Өкінішке қарай, жол апатынан қаза тапқандардың 50 пайызы - жастар», - деді Замир Сағынов.