29 қыр, 2020 сағат 08:30

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік азамат жұмыс істеп жүр

16 мыңнан астам шетелдік азамат Қазақстанда жұмыс істеп жүр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Еңбек министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша Қазақстанда шетелдік жұмыс күшін тартуға 16 мың 378 рұқсат бар. Шетелден тартырған жұмыс күшін тарту рұқсаты 637-сі бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары), 3481-і екінші санатқа (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) берілген. Шетелден маман тартуға арналған рұқсаттардың басым бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға қатысты болып отыр - тиісінше 7617 адам және 1153 адам. Сондай-ақ, маусымдық жұмыстарға - 1792, корпоративішілік ауыстыру шеңберінде 1698 адам тартылған. 

Қазіргі уақытта Қазақстанда шет елден жұмыс күшін тартатын 1803 жұмыс беруші бар. Оларда 454 379 мыңға жуық Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл жалпы жұмысшылар санының 96%-ын құрайды.

Еңбек мигранттарының негізгі шыққан елдері: Қытай - 3579 адам, Өзбекстан - 1774, Түркия - 1 661, Үндістан – 1266 және Ұлыбритания - 1081.

Айта кетсек, ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын елімізге шетелдік мамандарды тартуға квота белгілейді.