Елімізде 16 мың дәрігер коронавируспен күресуде. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Zakon.kz басылымының Instagram парақшасындағы тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз уақытылы дайындалғандықтан, мамандар жеткілікті. Бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар, провизорлық стационарлар, карантиндік нысандарға 16 мың дәрігер тартылды. Дәрігерлер, медбикелер, кіші медициналық персонал, санитар-дәрігерлер, туберкулез орталықтарының қызметкерлері еңбек етуде. Карантинге байланысты белгілі бір жоспарлы көмектер, стоматологиялық қызметтер азайды. Өз еркімен көмек көрсеткісі келетін дәрігерлер саны көбейді. Барлық облыстық денсаулық сақтау басқармаларынан кадрлар жиналуда», - дейді Елжан Біртанов.
Министрдің сөзіне сенсек, коронавируспен күреске студент-дәрігерлер, жоғары курста оқитын студенттер де тартылып отыр.
«Оларды жұмыс істеуге дайындап жатырмыз. Жалпы практикадағы дәрігерді коронавирусты емдейтін маманға айналдыру қиын емес. Әрине, олар толыққанды инфекционист болып кетпейді. Осындай жағдайда ең бастысы - көмек көрсете алуы. Бойын үрей билегендер де, жұмыстан бас тартқан дәрігерлер де бар. Мұндай жағдай орын алмауы мүмкін емес екенін білеміз. Бұл бағыт бойынша да жұмыс істеп жатырмыз. Шаралар қабылданып, материалдық және моральдық көмек көрсетілуде. Президент ақша бөліп, сыйақы мен әлеуметтік кепілдік ұйымдастырғаны өте маңызды. Бұл бізге дәрігерлерді қолдауға көмектеседі», - дейді ол.