10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 медицина қызметкері екпе алды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасында 2021 жылы 1 ақпанда Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасымен КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация барлық өңірде жүруде, 778 егу пункті ашылды, олардың 166-сы қазір іске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 10 ақпандағы жағдай бойынша 13 301 адамға екпе егілді», - деді министр ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Вакцинацияны бірінші болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері алады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады.
Вакцинацияның қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, екпені араға 21 күн салып қайталау ұсынылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішінде организмде иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егілген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.
«Вакцинациялау жоспары бірнеше рет айтылды. Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн дозаға жетеді», - деді министр.