14 там, 2023 сағат 16:16

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап тәрбиешілер жалақысы көтеріледі

© Photo: Esi Grünhagen

Қазақстанда балабақша тәрбиешілерінің жалақысы тағы көтеріледі, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2020 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін білім беру қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 25 пайызға өскен. Ал биыл қыркүйектің 1-нен бастап тағы 30 пайызға артады. Осылайша, 97 мыңнан астам балабақша тәрбиешісінің жалақысы 2,5 есе өседі.

"Мемлекет басшысы қолдауымен жүзеге асырылатын педагогтердің жалақысын жыл сайын арттыру оң нәтиже береді. Мектепке дейінгі білім беру жүйесінің кадрлық әлеуетін күшейту мақсатында оларды даярлау, біліктілігін арттыру және аттестаттау жүйесін жетілдіру, әлеуметтік мәртебесі мен жалақысын арттыру жолымен министрлік жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр.

Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Әдістемелік кабинеттер жанынан мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту педагогтарына әдістемелік көмек көрсету үшін мобильді топтар құрылды", - деп атап өтті департамент директоры Наталья Жұмаділдаева.

Министрлік дерегінше, "Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту" бағыты мен мамандығы бойынша кадрларды даярлау 39 ЖОО мен 119 колледжде жүргізіледі.

"Колледждер мектепке дейінгі ұйымдармен бірлесіп өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, "Педагог" кәсіби стандарты негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлейді және оқу бағдарламалары мен жоспарларын дербес жаңартады. Педколледждерге қойылатын біліктілік талаптары қайта қаралды. Биыл мектепке дейінгі білім берудің 20 мыңнан астам педагогі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді" - делінген хабарламада.