22 ақп, 2022 сағат 17:06

Қазақстан Украинаға қандай тауар экспорттайды?


2021 жылы Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы 1 млрд долларға жетті. Бұл жайында ҚР Сауда және интеграция министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы өткен жылы 1 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың дәл осындай кезеңімен салыстырғанда 30,8 пайызға (0,8 млрд АҚШ доллары) жоғары. Мәселен, Қазақстаннан Украинаға экспорт 2021 жылы 35,5 пайызға өсіп, 575,2 млн АҚШ долларына жетті», - деп атап өтеді министрліктен.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан экспортының негізгі тауарларына табиғи газ, тас көмір, аралас минералдық тыңайтқыштар, азот тыңайтқыштары, өңделмеген мырыш, ферроқорытпалар, өңделген дәнді дақылдар дәндері, қоспаланбаған болаттан жасалған жалатылған жазық илек, күкірт, инсектицидтер, гербицидтер кіреді.

Украинадан Қазақстанға да импорт өсті. 2021 жылы импорт 25,4 пайызға артып, 451,4 млн АҚШ долларына жетті. 

Украина импортының негізгі өнімдері қатарында уыт сығындысы, ұннан жасалған тамақ өнімдері, жарма, крахмал, дәрі-дәрмектер, үй құс еті, кондитерлік өнімдер, топырақты дайындауға және өңдеуге арналған ауыл шаруашылық машиналары, шоколад, ірімшік және сүзбе, тұсқағаздар және басқа да қабырға жабындары бар.