Қазақстан тұтынатын электр энергиясының 97 пайызы екіжақты келісімшарт арқылы сатылған. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сүйіндік Алдашев осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Энергетика кәсіпорындарының аффилирленуі және электр энергиясы нарығындағы олигополия да өзекті проблема болып тұр. Қазақстандағы электр энергияның 65 пайызын 5 компания генерациялап отыр. Қалғандарына 36 пайыз ғана тиесілі. Атап айтсақ, «Самұрық-Энерго» (31%), Еуразиялық топ (17%), Kazakhmys Energy (7%), Орталық Азия электр-энергетикалық корпорация (5,4%) және қазақстандық коммуналдық жүйелер (6%) өзара бөлісіп отыр», - деді ол сенат қабырғасында өтіп жатқан дөңгелек үстелде.
Оның айтуынша, салада қаржылық ашықтық жоқ.
«Оның үстіне тұтынылатын электр энергиясының 97%-ы екіжақты келісімшарт арқылы сатылған. Қалыптасқан жүйе қаржылық ашықтықтың жоқтығымен, тарифтерді мемлекет тарапынан ретеудің қиындығымен ерекшеленеді. Мұндай жағдайда электр энергетиксындағы бәсеке туралы айтудың өзі артық», - деді депутат.