Егін жинау жұмыстарының барысы, экспортты дамыту және отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолдау шаралары туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ринат Ақбердин айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР АШМ мәліметтерінше, биыл 19 млн тонна астық жинау көзделген. Астық сапасына қарай оның бағасы бір тоннасы үшін 62 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін барады.
Жалпы, көктемгі егіс жұмыстары мен астық жинау жұмыстарын қаржыландыруға 60 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие, 395 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінген, бұл отын бағасы - нарықтағыдан 15 теңгеге арзан.
Бүгінде 3,1 млн га аумақта ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуді қолдау үшін 2169 АӨК субъектісі қаржыландырылды.
С. Омаров атап өткендей, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отыр.
Өз кезегінде, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ринат Ақбердин астық экспорты бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен отандық ауыл шаруашылығы өнімдері өткізілетін негізгі нарықтар туралы айтып берді.
«Биыл экспорттың негізгі ағымы дәстүрлі нарықтарға бағытталады – бұл Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран. Өткен жылы шамамен 7,5 млн тонна жеткізілді, бұл жалпы экспорттың 68% құрайды», — деді Р. Ақбердин. — Түркияға, Грузияға, Италияға және Испанияға жеткізу көлемі де артып келеді».
Сонымен қатар, жыл сайын Қытайға қазақстандық астық пен ұнның жеткізілімі артып келеді. Егер 2016 жылы Қытайға экспорт көлемі шамамен 300 мың тонна болса, 2018 жылы — 600 мың тонна болды. Бұған қоса, бүгінде бидайды 2020 жылы жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді.