Фото: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов
Қазақстан төлқұжаты - Орталық Азия елдері арасындағы ең мықтысы. Мұндай төлқұжат иесі әлемнің 39 еліне визасыз кіре алады, тағы 52 елге бара салысымен виза ала алады. Ал 107 елде қазақстандықтардан виза талап етіледі, - деп хабарлайды Tengritravel.kz сайты FinProm басылымына сілтеме жасап.
2023 жылдың 1 шілдесіндегі рейтинг бойынша Қазақстан 97 ел арасында 53-орынға жайғасыпты. Рейтингке БҰҰ-ға мүше 193 мемлекет пен 6 аумақ қатысқан (бірнеше ел бір орын алуы мүмкін).
Ал әлем бойынша ең мықты төлқұжат - БАӘ азаматтарында. Олар әлемнің 125 еліне визасыз кіре алады, тағы 55 елде визаны мемлекет аумағына келгеннен кейін береді, ал олардан визаны талап ететін 18 ел ғана бар.
ТМД елдері арасында Қазақстан төлқұжаты Украина, Ресей, Молдова мен Беларуське жол беріп тұр, алайда Армения, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түркменстаннан жоғары.
Әрбір төлқұжаттың жеке санатын анықтау үшін сарапшылар үш деңгейлі әдіс қолданды:
• Мобильділікті бағалау (MS) - визасыз режим (VF), визаны елге келісімен алу (VOA), елге кіруге электронды рұқсат (eTA) және электронды виза (eVisa) кіреді, егер үш күнде берілсе.
• VF пен VOA-ны салыстыра бағалау.
• БҰҰ даму бағдарламасы бойынша адам әлеуетін дамыту индексі (қосымша көрсеткіш ретінде).