Қазақстан Сирия мәселесі бойынша Женева алаңының орнын басуға үміткер болмайды. Мұндай пікірді елордада өтіп жатқан Сирия жөніндегі Астана процесінің 18-келіссөзі аясында саясаттанушы Санат Көшкімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан қандай да бір өзге алаңның орнын басуға үміткер болмайды. Астанадағы алаң Женева аясында өтіп жатқан процесті толықтырады. Сондықтан олардың арасында бәсеке жоқ, олар бір бағытта синхронды әрекет етеді. БҰҰ-ның арнаулы өкілі Астана процесіне қатысады және БҰҰ тарапынан модераторлық етеді. Қандай да бір ауыстыру жоқ. Барлығы да уағдаласушы тараптың қалауына байланысты. Егер олар орын ретінде Қазақстан астанасын таңдаса, неге болмасқа? Олар қандай да бір басқа алаңды таңдауы да мүмкін. Қазақстан үшін процестің ілгерілеуі және жемісті болуы маңызды, бірақ, орын тұрғысында емес», - деген ол Астана процесінің эксклюзивті алаң болуына Қазақстан қарсы еместігін де атап өтті.
Айта кетерлігі, бүгін РФ Президентінің Сирия жөніндегі арнаулы өкілі Александр Лаврентьев Сирия конституциялық комитетінің отырысын Женевадан көшіру мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.
«Біз Женевадан Конституциялық комитет алаңын көшіруге мүдделі екенімізді білдірдік. Бұл ретте көп жағдай кепілгер елдердің тікелей шешіміне байланысты. Мәселе тек техникалық және логистикалық сипатта ғана емес, мұның саяси сыры да бар», - деген еді ол.