18 там, 2023 сағат 14:04

«Қазақстан» шахтасындағы апат: Жауапты тұлға 7 жылға дейін қамалуы мүмкін

Фото:elements.envato.com

«Қазақстан» шахтасындағы апат үшін жауапты тұлға 7 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Бұл топтық қайғылы жайт саналады. Қылмыстық кодекске сәйкес, егер сот басшылықты шынымен де кінәлі деп таныса, онда 7 жылға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді ол Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.

Ал Қарағанды облысы әкімінің бірінші орынбасары Вадим Басин жауапкершілік деңгейін сот айқындайтынына назар аудартты.

«Қайғылы жайттың себептерін, қызметкерлердің өлімін тергеу аяқталғаннан кейін материал сотқа беріледі және сот жауапкершілікті айқындайды. Комиссия материалдарында қауіпсіздік техникасын, лауазымдық нұсқаулықты бұзған тұлғаның іс-әрекеттері көрсетіледі. Мұны да сот айқындайтын болады», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Еске салайық, 17 тамыз сағат 10:05-те «Қазақстан» шахтасында өрт тұтанды.

Апат кезінде жер астында 227 кенші болған. 222 адамды жер бетіне жедел көтеру мүмкін болды, олардың сегізі зардап шекті.

5 жұмысшының тағдыры белгісіз болды. Кейін олардың біреуінің денесі табылды. Қалған 3 адамды іздестіру жұмысы жалғасып жатыр.

Айта кетейік, Президент «Қазақстан» шахтасында болған өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.