Сурет: wikimedia
«Қазақстан» шахтасында 17 тамызда болған өрт орнында жұмыс жүргізіп жатқан жұмысшылар шұғыл түрде жер бетіне көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "АрселорМиттал" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстан» кенішінде 17 тамызда болған апаттан кейін апатты аймаққа (D6 қабатының көмір еңісі) іргелес жатқан ескі қазбалар мен линтельдерге тексеру жүргізілді. 2003 жылы салынған №С14 линтельді тексеру барысында жаңа оқшаулағыш линтелді орнату туралы шешім қабылданды.
11 қазанда жаңа оқшаулағыш линтелдің құрылысына дайындық бойынша техникалық жұмыстарды жүргізу кезінде Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметінің сарбаздары ескі линтелдің аузынан оқшауланған кеңістіктен 50 метр артта орналасқан массивті жылыту ошағын тапты. Бұл апата туралы хабарланған бойда төтенше жағдайды жою жөнінде жоспар енгізілді.
Шахтада 106 адам болған. Сағат 13:50-де барлық жұмысшы жер бетіне шықты. Зардап шеккендер жоқ. Тексеру жүргізу үшін шахтаға КӘАҚҚ-нің қосымша 2 бөлімшесі жетті" - делінген хабарламада.
Еске салайық, 17 тамызда Қарағанды облысындағы «Қазақстан» шахтасында өрт шыққан болатын.
Апат кезінде жер астында 227 кенші болды. 222 адам жер бетіне жедел көтерілді, сегізі зардап шекті. Шахтаның астында қалып қойған бес кеншінің денесі табылды.
18 тамыздағы жағдай бойынша, медицина мекемелерінде өрттен зардап шеккен 11 кенші ем қабылдап жатты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өрт себебін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырды.
Ал 18 қыркүйекте ҚР ТЖ министрі Сырым Шәріпханов үкіметтік комиссияның тергеу қорытындысын жариялады. Сараптама қорытындысы бойынша жұмыс беруші 100% кінәлі деп танылды.