2025 жылға дейін Қазақстан мен Ресей шекарасындағы 27 өткізу пунктін жаңарту жоспарлануда. Жобаны 5 кезеңде жүзеге асыру көзделген. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Комитет ақпаратына сүйенсек, бүгінгі таңда Қазақстан мен Ресей шекарасында 30 өткізу пункті бар. Оның 17-сі – көпжақты, 13-і – екіжақты өткізу пункті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп тұрған өткізу пунктерінің техникалық жағдайын тексерген. Нәтижесінде, өткізу пунктерінің жүктемесін және өткізу мүмкіндігін ескере отырып, реконструкцияны талап ететін 27 пунктті анықтады.
«Осылайша, «Сырым», «Тасқала», «Қосақ», «Үрлітөбе» «Жаңа жол», «Әлімбет», «Қарақоға», «Шаған», «Құрманғазы», «Үбе», «Шарбақты», «Қызылжар», «Қайрақ», «Ауыл», «Бидайық», «Жәнібек», «Ақсай», «Қондыбай», «Аят», «Ақбалшық», «Найза», «Жезкент», «Қоянбай», «Байтанат», «Амангелді», «Обаған» және «Желқуар» бекеттері 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарынан өтетін болады», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2019 жылдың қарашасында өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен РФ Көлік министрлігі арасында мемлекеттік қазақ-орыс шекарасындағы өткізу бекеттерінің жұмысы бойынша бірлескен іс-шаралар туралы бағдарламаға қол қойылған болатын. Құжатқа сәйкес жұмыс істеп тұрған өткізу пунктерінің жағдайына талдау жүргізу, 2020 және 2025 жылдар аралығында қазақ-орыс шекарасындағы өткізу пунктерін дамытудың Жол картасын әзірлеу көзделген.