28 мам, 2021 сағат 08:48

Қазақстан-Ресей шекарасында героиннің аса ірі партиясы тәркіленді


Батыс Қазақстан облысында шекарашылар ірі көлемде есірткі партиясын анықтады, деп хабарлайды ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

««Сырым» автомобиль өткізу пунктінде (Батыс Қазақстан облысы) «Леди» атты қызметтік итті пайдалана отырып Қырғыз Республикасы азаматы мінген «Renault Magnum» автомашинасында жалпы салмағы 135 кг 493 гр 52 мг ақ-сұр түсті ұнтақ автомобильдің артқы дөңгелектерінде жасырылғаны анықталды» делінген хабарламада. 

Тәркіленген зат одан әрі процестік әрекеттер жүргізу үшін ҰҚК Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне берілді.

Сараптама нәтижелері бойынша ол салмағы 39 кг 341 гр 77 мг героин және салмағы 96 кг 151 гр 75 мг гашиш екені анықталды.

Өткізу пункттерінде тексеру жүргізу кезінде қызметтік иттер таптырмайтын көмекші болды.

Өткен жылдың желтоқсан айында «Джек» атты қызметтік иттің көмегімен қазақстан-қырғыз шекарасында жалпы салмағы 60 кг 370 гр героиннің ірі партиясы табылды.