26 қыр, 2019 сағат 09:17

Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетіледі

Парламент Сенатының жалпы отырысында «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы Қазақстанның және Ресейдің шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Келісімнің 3-қосымшасында көрсетілген Шекара маңындағы аумақтарда тұратын Қазақстан мен Ресей азаматтарының шекараны кесіп өтуі үшін жарамды құжаттар тізбесіне өзгерістер енгізіліп отыр. Қолданыстағы келісімге сәйкес, шекараны кесіп өту кезінде Қазақстан азаматтарының өзімен бірге жеке куәлігі немесе төлқұжаты, сондай-ақ азаматтарды тіркеу кітабынан көшірме болуы қажет. 2011 жылдан бастап Қазақстанда азаматтарды азаматтарды тіркеуді есепке алу кітабы алынып тасталды. Осыған байланысты хаттаманың 1-бабымен өзгерістер енгізіледі, оған сәйкес жеке куәлікке шекара маңындағы аумақтың елді мекенінде тұрақты тұрғылықты жері бойынша тіркелгенін растайтын, уәкілетті меморган берген құжат (мекенжай анықтамасы) қоса ұсынылуы тиіс.

«Қазақстанның ішкі заңнамасында азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасының енгізуіне орай аталған келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туындады. Қазіргі уақытта ауылдық аумақтардың барлық әкімдерінде интернет желісін қолдану арқылы мекенжай куәлігін беретін мүмкіндігі бар. Осыған байланысты бұл хаттаманы қабылдау Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының маңындағы аумақтарында тұратын Қазақстан азаматтарының өту үдерісін жеңілдетуге және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді», - деді ҚР Сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы Марат Сыздықов.

Екі ел арасындағы шекара 7 500 шақырымнан асады және әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі болып саналады. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы автокөлік, 20-сы теміржол және тағы біреуі өзен арқылы іске асырылады.

Айта кетейік, Ресей тарапы 2019 жылы 12 сәуірде хаттаманың күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдер аяқталғанын хабарлады.