03 сәу, 2023 сағат 10:16

Қазақстан мұнай өндірісін қысқартады

© AP Photo / Tony Gutierrez

Қазақстан ОПЕК+ елдерімен бірге мұнай өндірісін қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан 2023 жылдың мамыр айынан бастап басқа ОПЕК+ елдерімен бірге мұнай өндіруді өз еркімен тәулігіне 78 мың баррельге қысқартады. Өндірісті қысқарту осы жылдың соңына дейін жалғасады. 

Мұндай шешім 2022 жылдың 5 қазанындағы ОПЕК+ елдерінің 33-ші министрлік кездесуінде қабылданған өндірісті қысқартуға қосымша алдын алу шарасы ретінде қабылданды.

"Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Ирак, Кувейт және Оман сияқты бірқатар ел өндірісті ерікті түрде қысқартатынын жариялады. Ресей де 2023 жылдың соңына дейін өндірісті тәулігіне 500 мың баррельге қысқартатынын мәлімдеді. Ресейді қоспағанда, бірқатар ОПЕК+ елі жариялаған қосымша қысқарту тәулігіне 1,1 миллион баррельден асады деп бағаланды", деп хабарлады альянстағы дереккөз.