көрнекі сурет
Соңғы бір жылда Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы алғаш рет 1 миллиард долларға жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ranking.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан мен Украина арасындағы тауар айналымы соңғы төрт жылда алғаш рет 2020 жылғы 767,9 миллион доллардан 2021 жылы 1 миллиард долларға дейін өсті. Сауда көлемі пандемияға дейінгі жылдармен салыстырғанда әлі де төмен: 2016-2019 жылдары тауар айналымы 1,3-1,6 миллиард доллар аралығында өзгерді.
Украинамен сауда көлемінің жартысынан астамы Қазақстаннан экспортталады. 2021 жылы Қазақстаннан Украинаға экспорт тауар айналымының 56 пайызын немесе 575,2 миллион долларды құраса, Украинадан Қазақстанға импорт 451,4 миллион долларды құрады.
Украинаға 792 тонна көмір, 223 мың тонна минералды және химиялық тыңайтқыштар экспортталды.
Украинадан 19 мың тонна ет, 879 тонна дәрі-дәрмек, 9,7 мың тонна қағаз және картон, 3,2 мың тонна ауыл шаруашылығы техникасы импорттаған.
Биылғы жылдың басынан бері елде Украинаның қатысуымен 796 компания жұмыс істеп тұр, бұл бір жыл бұрынғыдан 11,5 пайызға көп.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Украинадан Қазақстанға инвестиция ағыны 1,7 миллион доллар болды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,5 есе көп.
Қазақстандық инвесторлар да соңғы жылдары Украина экономикасына көбірек инвестиция құйған. Мәселен, 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстаннан Украинаға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 8,1 млн доллар.