20 қыр, 2023 сағат 16:35

Қазақстан мен Ресей шекарасындағы қақтығыс туралы жалған видеоның авторы ұсталды

Фото: instagram.com/polisia_kostanay

Полицейлер Қазақстан мен Ресей шекарашылары арасындағы қақтығыс туралы жалған видео авторын анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қостанай облысының Полиция департаментіне сілтеме жасап.

"Әлеуметтік желілерде Қостанай облысының шекарасындағы әскери қызметшілердің қақтығысы туралы түсіндірмесі бар әскери көлік колоннасының видеосы таратылды. Бейнежазба «жалған» болып шықты. 

Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Қостанай қаласының 52 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Ол қасақана әрекет жасағаны үшін кінәсін мойындады.

Ер адам Қостанай аумағында өтіп бара жатқан әскери техника колоннасын көріп, видеоға түсіргенін және болып жатқан оқиғалар туралы жағдайға дәлелсіз түсініктеме бергенін айтты. Ол бұл видеоны туыстарына, «Watsapp» мессенджерінің чатына жіберген. 

Осы дерек бойынша ҚР ҚК 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша «бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды" - делінген хабарламада.

Полиция жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік бар екенін және азаматтарды мәліметтерді таратпас бұрын олардың дұрыстығын тексеруге шақырды. Бұл қауесеттерге бой алдырмау және нақты емес оқиғалардың айналасында дүрбелең туғызбау керек.