21 ақп, 2020 сағат 13:51

Қазақстан мен Өзбекстан екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге ниетті

Қазақстан мен Өзбекстан екі ел арасындағы әуе қатынасын кеңейтуге ниетті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ташкент қаласында «Uzbekistan Airports, Aviation & Logistics Forum 2020» халықаралық авиация-логистика форумы аясында ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың Өзбекстан Республикасының Көлік министрі Эльяр Ганиевпен, Әуе көлігін дамыту департаментінің бастығы Ұлықбек Бекташевпен, сондай-ақ «Uzbekistan Airports» АҚ Басқарма төрағасы Ровшан Исмаиловпен кездесуі өтті.

«Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Өзбекстанның азаматтық авиациясын дамыту перспективаларын, оның ішінде Қазақстанның әуежайларында енгізілген «ашық аспан» режимі аясында шетелдік әуе компанияларды тарту бойынша қабылданған шараларды талқылады. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейту қажеттілігін растады» делінген хабарламада.

Кездесу қорытындысы бойынша екі ел арасында рұқсат етілген жиіліктер санын арттыру, сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстанның әуе тасымалдаушылары үшін екі ел аумағында жаңа тағайындау пунктілерін қосу бойынша жұмысты жалғастыруға қол жеткізілді.