11 ақп, 2022 сағат 15:31

Қазақстан мен Германия арасында 35-тен астам келісім бар


Бүгін Қазақстан мен Германия арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен ГФР СІМ-нің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенбергтің төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласында кезекті қазақ-герман саяси консультациялары өтті. Бұл туралы ҚазАқпарат СІМ сілтеме жасап хабарлайды.

ГФР-дың ҚР-дағы Елшісі Моника Иверзен, Қазақстан мен Германияның дипломаттары және салалық сарапшылары қатысқан екіжақты диалог достық және сындарлы атмосферада өтті.

Өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері талқылауымен қатар консультациялар дипломатиялық қатынастардың алғашқы үш онжылдығының мағыналы қорытындысын шығаруға себеп болды. Атап айтқанда, жоғары және аса жоғары деңгейдегі тұрақты сапарлармен алмасу, өсіп келе жатқан экономикалық көрсеткіштер, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық институттар шеңберіндегі жемісті өзара іс-қимыл оң атап өтілді.

Келіссөздерге қатысушылар Қазақстандағы демократиялық реформаларды жүзеге асыру және екі елдің азаматтық қоғамы деңгейінде диалог орнату аясында ҚР мен ГФР ынтымақтастығының жаңа мүмкіндіктеріне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, консультациялар шеңберінде қазақстандық дипломаттар неміс тарапына қаңтардағы қайғылы оқиғаларды тергеу және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша мемлекеттік стратегияларды іске асыру туралы өзекті ақпаратты ұсынды.

Бүгінде екі ел арасында қол жеткізілген 35-тен астам келісім бар, оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы желтоқсанда және 2020 жылғы ақпанда Германияға сапарлары шеңберінде жасалғандар. Тараптар қолданыстағы құқықтық база стратегиялық әріптестіктің барлық салаларында өзара іс-қимылды өрістетуге тиісті жол ашады деген ортақ пікірге келді. Бұған негізінен экономикалық дипломатияның тиімді институттары: Неміс инвесторларымен жұмыс жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы, Берлин Еуразиялық клубы және Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобы ықпал етуде.

Сондай-ақ, сауда саласындағы оң динамика атап өтілді: ГФР Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің қатарына кіреді, ал біздің еліміз Орталық Азия өңіріндегі герман бизнесінің басты серіктесі болып табылады. Соңғы 15 жылдың ішінде ғана Германиядан Қазақстанға тікелей инвестициялар 5,3 млрд. АҚШ долларын құрады, олардың басым үлесі (шамамен 80%) ауыл шаруашылығы, ЖЭК, денсаулық сақтау, көлік логистикасы және басқа да басым салаларды сапалы дамытуға бағытталған.

Неміс тарапының соңғы статистикалық мәліметтеріне сәйкес, өткен жылдың 8 айында екі елдің тауар айналымының көлемі 3,4 млрд. еуроны құрады, бұл жалғасып жатқан КОВИД-19 пандемиясының аясында жыл сайын 25,3%-ке айтарлықтай өсімді көрсетеді.

Іс-шара соңында Р. Василенко мен М. Люттенберг Қазақстан-Германия ынтымақтастығының дамуына қанағаттанушылық білдіріп, екіжақты өзара іс-қимылдың барлық спектрі бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға келісті.