Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэрдің Қазақстанға сапары аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Alstom» компаниясы меморандум бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Құжатқа «ҚТЖ» ҰК» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетов пен «Alstom» компаниясы Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия аймағының аға вице-президенті Дидье Пфлегер қол қойды.
Қос тарап теміржол дабылы, бұғаттау және орталықтандыру цифрлық технологияларын дамыту саласында ынтымақтастық орнатуға ниетті.
«Alstom» мен ҚТЖ арасындағы меморандумның негізгі мақсаты – теміржол көлігіндегі цифрландыру мен автоматтандыру процестеріндегі ынтымақтастық болып отыр. Ондағы ең алғашқы қадам – ірі станцияларды автоматтандыру немесе дабыл жүйесін орнату болмақ. Әрі қарай теміржол көліктеріндегі цифрландыру бойынша жұмыс істейміз. Өздеріңіз білесіздер, біздің компанияның бірнеше жобасы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына енген», - деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Котырев астанадағы «Электровоз құрастыру зауытында» тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, қазіргі теміржол құрылғылары 35-40 жылдан бері қолданылып келеді.
«Әрине, олар қозғалыс қауіпсіздігі талаптарына сай. Бірақ, бүкіл әлем үздіксіз дамып келеді, заманауи жүйелер пайда болды. Соңғы бірнеше жылда 2,5 мың шақырым жаңа теміржол салдық, онда цифрлық теміржол талаптарына сай заманауи жүйелер қолданылады. Қазір біз «Alstom» компаниясының дабыл қағу жүйесін қолдану мүмкіндігін қарастырып отырмыз», - деді ол.
Айта кетейік, Францияның экономика және қаржы министрі Брюно Ле Мэр елордаға ресми сапармен келді.
Бүгін франциялық министр ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминмен және ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбекпен кездеседі.