09 ақп, 2021 сағат 07:35

Қазақстан-Қытай арасындағы сауда-статистика айырмашылығы 45 пайызға төмендеді

Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттықтағы статистикалық деректер айырмашылығы 45 пайызға төмендеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылы мемлекеттік кірістер органдары 11,4 мың салықтық тексеру жүргізді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 1,6 есе аз, ал нәтиже көрсеткіші 29 пайызға артық. Қашықтан бақылаудың жаңа әдістері енгізілді. Бұл нақты тауарлары жоқ мәмілелер мен қолма-қол ақшаға айналдыру бойынша схемаларға қатысатын тәуекелі жоғары компанияларды онлайн режимде анықтауға мүмкіндік бар», - деді ол. 

Министрдің айтуынша, «Қазынашылық сүйемелдеу» жобасына қатысушылар бойынша төленген салық көлемі 24 пайызға өсіп, 2020 жылы 202 млрд теңгені құрады.

«Қытай Халық Республикасының экспорты – Қазақстан Республикасының импорты бағыты бойынша статистикалық деректердегі айырмашылықтар өткен жылы 45 пайызға дейін төмендеді. Кедендік тексерулердің тиімділігі артып, қосымша 25 млрд теңге түсіруге мүмкіндік берді. Әкімшілендіру процестерін автоматтандыру және адами факторды болдырмау мақсатында «Экспорттық бақылау» модулі іске қосылды және навигациялық пломбаларды пайдалану басталды. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен қосылған құн салығы 12,2 млрд теңгеге өсті және бірінші рет үшінші елдерден келетін импорттан түскен түсімнен 34 млрд теңгеге асып түсті», - деді Ерұлан Жамаубаев.