Қайырымдылық жасап, қорға аударған ақшаны кері қайтарып алу мүмкіндігі бар ма? Бұл сұраққа «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қордың бюджетін қамқоршылық кеңес бекітеді. Егер қорға қаржы аударылып, кейін аударған адам белгілі себеппен ақшасын қайтарып алғысы келсе, проблема жоқ. Қаржы иесіне қайтарылады. Ал егер жеке тұлға немесе ұйым өз еркімен қайырымдылық жасаса, онда мәселе жоқ. Біз еркінен тыс қайырымдылық жасауға қарсымыз. Біреуден қинап ақша жиналмауын талап етеміз. Бұл - ақылға сыймайтын жайт. Жеке өз басым, қор басшысы ретінде де еріксіз қаржы жинауға қарсымын», - деді Болат Жәмішев «Ошакбаев LIVE» телебағдарламасының эфирінде.
Сондай-ақ, аталған телебағдарламаның қонағы болған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің мүшесі Ирина Смирнова қайырымдылық жасауға қатысты өз пікірін білдірді.
«Мен халықтан қаржы жинауға қарсымын. Маған мектеп кезінен бастап ақша жинау деген ұнамайтын. Қарапайым адамдардан ақша жинау қордың жұмысына абырой бермейді. Мемлекет басшысы қор жұмысына қатысты нақты айтып өтті, байып, масайған адамдардың халыққа көмек көрсететін уақыты келді деді. Қорға қаржыны еркінен тыс аудартып жатыр деген шағым да түсіп жатыр. Мен мәжбүрлеуге қарсымын. Қор жұмысы аяққа басып, ел игілігін көре бастағанда қайырымдылық көрсеткісі келген жандар өздері-ақ түсінеді. Сондықтан біреуді қинаудың қажеті жоқ. Еріксіз аударылған қаржыны қайтарып беру керек», - дейді ол.