01 нау, 2021 сағат 14:21

Қазақстан халқы Ассамблеясы «Біз біргеміз» акциясында 2 млрд теңгеге жуық жәрдем көрсеткен

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Зәкіржан Кузиев ұйымның қайырымдылық жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы мен қайырымдылық – ажырамас ұғымдарға айналды. Өзара көмек, жәрдем, ынтымақтастық бізді біртұтас халық етеді. Бірлігіміздің тарихында Қызылағаш, Арыс, Мақтаарал оқиғалары есте қалды. Сол кезде зардап шеккен қазақстандықтарға тұтас ел көмек көрсетті. Ассамблея алғашқылардың қатарында болды. 2020 жылы Ассамблеяның қайырымды мүшелері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуіне үн қосып, «Біз біргеміз» акциясына қатысты. Еріктілер мен қайырымдылық көрсетушілер 1 млрд 776 млн теңге жинап берді. Мұқтаж азаматтарға 1 млрд 339 млн теңгеге түрлі көмек көрсетілді. Ауруханаларға 151 млн теңгеге дәрі-дәрмектер мен өкпені жасанды желдету аппараттары сатып алынды», - деді спикер Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Алғыс айту күнінің 5 жылдығына арналған дөңгелек үстелде. 

Ассамблея Түркістан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 335 тонна гуманитарлық көмек жіберген. Құрбан айт күндері «Мың алғыс» қайырымдылық акциясы медицина қызметкерлері мен олардың отбасыларына жалпы сомасы 77 млн теңгеден астам көмек көрсеткен. «Мектепке жол» акциясы 8 700 отбасына ноутбук сыйлаған.