12 шіл, 2022 сағат 16:48

Қазақстан Каспийде өзінің паром флотын салмақшы


Қазақстан құрғақ жүк таситын паромдардың санын 10-ға жеткізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Қасым Тілепов айтты.

«Қазіргі таңда Ақтау портындағы біздің инфрақұрылымның өткізу қабілеті 21 млн тоннадай болады. Бұл бағытта жүктің кез келген түрін тасымалдай аламыз. Сондай-ақ, біздің өзіміздің сауда флотымыз бар. Нақтырақ айтсақ, 4 құрғақ жүк тиеуішіміз бар. Қазір бұл жүк тиеуіштер Каспий теңізінде жұмыс істеп жүр», - деген комитет өкілі жыл аяғына дейін «Қазтеңізкөлікфлоты» ұлттық теңіз тасымалдаушысы тағы 2 контейнер тасымалдаушы сатып алатынын атап өтті.

Оның сөзіне қарағанда, Қазір Каспийде құрғақ жүк тасымалдау ісінде Әзербайжанның монополиясы орнаған.

«Жалпы өзіміздің паром флотымызды салсақ деген ниетіміз бар. Ұзақ мерзімді келешекте контейнер тасымалдаушы паромдардың санын 10-ға дейін жеткізсек деген жоспарымыз бар. Қазір Каспийде Әзербайжан пароходтары монополия орнатқан», - деді Қасым Тілепов.