Елордалық компаниялар Қорғаныс министрлігі үшін арнайы киім тігу бойынша мемлекеттік тапсырысты орындай алмайтынын айтуда. Себеп – нарықтағы жағдайға байланысты мата-материалдың күрт қымбаттауы, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Нұр-Сұлтан қаласында Ресейге санкциялар пакетінің енгізілуі және оның Қазақстан экономикасына әсеріне қатысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрған өңірлік жедел штабтың отырысы өтті. Кәсіпкерлер санкциялар салдарынан қандай проблемалар мен қатерлерге тап болғанын айтып берді.
Кәсіпкерлер мата-материалдың қымбаттауынан және валюта бағамының өсуінен арнайы киім, мектеп формасын тігу бойынша келісімшарттық міндеттемелерді орындай алмайтынын бір ауыздан жеткізді.
«BMC Sales» басшысы Асқар Башеевтің айтуынша, шикізатты жеткізушілер валюта бағамының құбылуына байланысты келісімшарт жасасудан тартынып отыр. «Алда мектеп науқаны келе жатыр, біз тіге алмаймыз, оған ресурс тапшы. Жеткізушілер келісімшарт жасауға асықпайды. Өйткені ертең баға өзгеріп кетпесіне кепілдік жоқ», – дейді ол.
«Прогресс» тігін фабрикасы» ЖШС өкілі Нұржан Манкин оның фабрикасы Қорғаныс министрлігімен 2021 жылдың күзіндегі бағамен келісімшарт жасағанын айтты. Ал қазір Қытай және Ресейде өндірілген материалдың бағасы 30-40% қымбаттады. «Қазіргі уақытта біз келісімшартты орындай алмаймыз», – деп атап өтті ол.
Оның әріптесі, «КазСПО-N» ЖШС бас директоры Елена Свечникова қазіргі жағдайда Қорғаныс министрлігімен жоспарланған келісімшарт тиімсіз болғандықтан, одан бас тартуға мәжбүр екендігін айтты. «Алайда бізді ісін адал орындамайтын жеткізушілер реестріне қосады деп уайымдаймыз. Бізге осы бағытта көмек берсеңіздер?», – деді кәсіпкер.
Жеңіл өнеркәсіп саласындағы осы мәселені басқа да компаниялар көтерді.
Ал «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС өкілдері Еуропа және АҚШ-тан келуі тиіс ауыл шаруашылығы техникасы Беларусь және Ресей жақтан кешігіп жатқанын айтты.Бұл жабдық оларға алдағы көктемгі дала жұмыстарын бастау үшін қажет.
«Егіс жұмыстары бір жарым айдан соң басталады. Логистика маршруты бойынша алаңдаушылық бар. Егер РФ және Беларусь өз шекараларын жапса, сәйкесінше бүкіл тауар ағыны Түркия және Әзербайжан арқылы тасымалданады. Баку және Ақтау порттары мұндай жүктемеге дайын ба? Бұл техниканың тұрып қалуы, көлік кептелісіне әкеп соғады. Сонымен қатар жеткізу мерзімін де кешіктіреміз. Бізге қазір транзит үшін Ресей және Балерусь шекарасының жабылмағаны керек», – деді компания өкілі.
«ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Қанат Ибраев отандық жиһаз өнеркәсібінің тоқтап қалуына көмектесетін бірнеше ұсынысайтты.
«Бірінші кезекте, плиталық материалдарды тасымалдауды субсидиялау қажет. Біз бұған дейін бұл ұсынысты бердік, бірақ ол Экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінде назардан тыс қалды. Плиталық материал бағасындағы ең көп үлесті, өндіруші зауытқа байланысты, шамамен 40-50% тасымалдау құрайды», – деп атап өтті Қанат Ибраев.
Бұдан әрі, оның пікірінше, плиталық материал мен фурнитураны жеткізуге арналған салық жеңілдіктерін әзірлеу керек. Шетелдік жабдықты жеткізуге арналған преференцияларға ұқсас. Өйткені екеуі де Қазақстанда өндірілмейді. Сондай-ақ алдағы 3 жылға корпоративті табыс салығына мораторий енгізу қажет.
«Qazaq stone» Қазақстан тас өңдеу саласының одағы» ЗТБ төрағасы Дәурен Ағзымов одақ жыл бойы Мәскеумен отандық тасты жеткізуге келіссөздер жүргізгенін атап өтті. Алайда, жақында олар елдегі саяси жағдайға байланысты барлық жұмыс тоқтағаны туралы хабарлама алды.
«Біз осы жылы жұмыссыз қалдық. Не істеу керегін білмеймін...», - деді ол.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Бейсен Жолболдиев айтылған барлық мәселе жиналып, баламалы шешімдерді іздеу үшін «Атамекен» ҰКП жедел штабына жіберілетінін атап өтті.
Айта кетейік, Ресейге салынған санкциялар салдарынан бизнесі зардап шеккен кәсіпкерлер Нұр-Сұлтан қаласы бойынша жедел штабқа хабарласа алады:
8 (7172) 91-90-80
+7 705 707 1482
+7 705 585 5579
+7 702 154 7707
WhatsApp нөмір: 87788701432.