12 нау, 2021 сағат 19:10

Қазақстан қандай елдердің вакциналарын сатып алмақ

ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой «Хабар» арнасының тілшісіне Қазақстан өзге мемлекеттерден вакцина сатып алатын-алмайтыны туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Министрдің айтуынша, әртүрлі дистрибьюторлармен, компаниялармен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Алдын ала келісімшарт жасасып жатырмыз. Құпиялылық шарттарына байланысты мазмұнын жариялай алмаймыз. Бірақ қазір бұл вакциналарды Қазақстанға жылдам жеткізу бойынша келісім жүргізіліп жатыр. Sinovac қана емес, Pfizer, Moderna сияқты вакциналарға да қатысты келісім жүргізілуде. Яғни барлық компаниямен келісімге келу кезеңіндеміз. Оларға өтінім жазып қойдық. Жақын арада оның бағасы мен жеткізу уақытына қатысты жауап күтіп отырмыз», - деді ҚР Денсаулық министрі Алексей Цой.

Айта кетейік, Sinovac вакцинасы – Қытайда өндірілген. Pfizer вакцинасы – америкалық Pfizer компаниясы мен BioNTech неміс компаниясының бірлескен препараты. Moderna вакцинасы – америкалық Moderna компаниясының өнімі.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ресейлік «Спутник V» вакцинасы ғана қолданылып отыр. Отандық KazCOVID-in вакцинасы сынақтың соңғы кезеңдерінен өтуде.