Еуропарламент депутаттары Татьяна Жданока мен Рышард Чарнецки Қазақстанда болып жатқан жағдайларға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан халқымен бірге екенімді айтқым келеді. Жақын уақытта заңдылық пен тәртіп орнайтынына үміттімін. Қаза болған және зардап шеккендер үшін қыңжыламын, қайғыра көңіл айтамын», - деді Еуропалық парламент (Жасылдар фракциясы және Еуропалық еркін альянсы) депутаты Татьяна Жданока.
Европалық парламент депутаты («Құқық және әділеттілік») Рышард Чарнецки атап өткендей, Қазақстан Еуропалық одақ үшін аса маңызды серіктес болып табылады.
«Сіздердегі саяси ахуалдың барысын мұқият бақылап отырмыз. Қазақстан Еуропалық одақ үшін аса маңызды серіктес болып табылады және бейбіт процеске бағдарланған елдегі барлық күштерге қолдау білдіреміз. Президент елдегі саяси және экономикалық реформаларды ұсынуға уәде етті. Соңғы жылдары экономикалық дамудың оң динамикасын көріп отырмыз. Біз ЕО-ның тұрақты саяси және экономикалық серіктесі ретінде Қазақстанның баянды болуына мүдделіміз», - деді Рышард Чарнецки.