Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8 пайызға дейін жеделдеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осы жылғы қаңтар-қараша айларында Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,8 пайызға дейін жеделдеді. Осы есепті кезеңде негізгі трендтер бойынша қызмет көрсету секторындағы өсімнің жылдамдауы, нақты сектордағы өсу қарқынының тұрақтылығы, экспорттың жоғары көрсеткіштері арқасында сауда балансының нығаюы, өндіруші емес секторлардағы жоғары инвестициялық белсенділік байқалуда», - деді министр.
Оның атап өтуінше, 11 айда нақты сектордағы өсім 2,9 пайызды құрады.
«Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,9 пайызға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, сауда, сумен жабдықтау, құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі жоғары өсім көрсетуде», - деді Әсет Ерғалиев.