28 жел, 2021 сағат 13:57

Қазақстан биыл 67,6 млн тонна мұнай экспорттаған


Қазақстан биыл 67,6 млн тонна мұнай экспорттаған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 85,7 млн тонна болды. Экспорт 67,6 млн тоннаға жетті. Мұнайды қайта өңдеу көлемі 17,1 млн тонна және мұнай өнімдерін өндіру көлемі 13,1 млн тонна болды», - деді министр. 

Оның мәліметі бойынша, тәуелсіздік жылдары Қазақстанда мұнай өндіру қарқыны өскен.

«Келешекте мұнай өндіру бұдан әрі ұлғаяды. Еліміздің мұнай өндірудегі драйверлері – 3 мұнай-газ жобасы: Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Сондай-ақ, ол «Теңіз» жобасының келешегіне тоқталды. 

«2021 жылдың қорытындысы бойынша «Теңіз» жобаларында мұнай өндіру көлемі 26,5 млн тонна, газ өндіру көлемі 14,5 млн тоннаға тең болды. Теңіз кен орнында құны 45,2 млрд доллар болатын «Келешек» кеңейту жобасы іске асырылып жатыр. Бұл мұнай өндірісін жылына 12 млн тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жоба бойынша жұмыстардың жалпы ілгерілеуі 87 пайыз болды. Жобаны 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.