15 мау, 2022 сағат 17:03

Қазақстан білім берудің Болон жүйесінен шықпайды – Тоқаев


Қазақстан білім берудің Болон процесінен шықпайды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі.

«Кезінде Болон жүйесіне күмәнмен қараған едім. Оған қосылған кезде Сенат төрағасы болдым және Үкіметке бұл істе асығыстық танытудың қажеті жоқ екендігін ескерттім. Сол уақытты оған қосылуымыз үлкен ұлттық жетістік, тіпті мереке ретінде көрсетілді. Іс жүзінде оның да өте көп кемшілігі бар және оларды байқаған едім. Бұл медальдің екі жағы бар. Негізінде Ресей Үкіметінің Болон жүйесінен шығуы туралы шешімін түсінемін. Бірақ, оның салдары да болатынын түсіну қажет», - деді Президент ресейлік журналист Андрей Кондрашовқа берген сұхбатында. 

Мемлекет басшысы елімізде білім беру саласына өте үлкен назар аударылып отырғанын баса айтты. 

«Өйткені, білімнің рөлі өте зор. Мен ресейлік техникалық жоғары оқу орындарының Қазақстанда филиалдарын ашуына қатысты бастама көтердім. Бұл процесс басталды. Мәскеу инженерлік-физикалық институты ҚазМУ-де филиалын ашты. Губкин атындағы мұнай және газ университеті де филиалын ашады. Меніңше, бұл процесс жалғаса береді. Өйткені, қазіргі қазақ жастары бәсекеге қабілетті болуы үшін, ең алдымен, техникалық білім алуы тиіс деп есептеймін. «Болашақ» бағдарламасы арқылы талантты жастарды шетелге жіберу мүмкіндігі де сақталып отыр. Атап айтқанда, олар магистранттар, тіпті бакалавриаттар да. Біз бакалавр бағдарламасын қысқартып, әлемнің үздік жоғары оқу орындарына баратын магистранттардың санын арттырамыз», - деді Тоқаев.