25 ақп, 2020 сағат 13:44

Қазақстан бензинді ел аумағынан шығаруға тыйым мерзімін ұзартады

Қазақстан бензинді автомобильмен ел аумағынан шығаруға тыйым уақытын ұзартады. Бұл туралы бүгін Энергетика министрлігінің алқа отырысында ведомство басшысы Нұрлан Ноғаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, 2019 жылы мұнайды өңдеу көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға өсіп, 17,2 млн тоннаны құрады.

«Бұл ретте, 2019 жылы мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру көлемі 2018 жылға қарағанда 9,5 пайызға өсті. Биылғы жоспар 12,5 млн тоннаны құрайды. Айта кету керек, жоспарлар мұнай өнімдерінің ішкі тұтынуын негізге ала отырып есептелген. Егер қажеттілік болған жағдайда, жыл бойы өңдеу көлемін ұлғайту үшін бізде резерв бар», - деді Энергетика министрі.

Министрдің атап өтуінше, қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары аяқталған соң ішкі нарықтың қажеттілігі толығымен өзіміздің өндіріс есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте 2019 жылдың қорытындысы бойынша нарықтың бензинмен, дизел отынымен және авиакеросинмен қамтамасыз етілуі 100 пайызға жеткенін атап өтуі керек.

«2019 жылғы шілде айында тыйым салуды алғаннан кейін бензинді Еуропаға және Орталық Азияға экспорттау басталды. Бензиннің экспорт көлемі 180,7 мың тоннаны құрады. Сондай-ақ, министрлік жанар-жағармай тапшылығы фактілерін болдырмау мақсатында мұнай өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салды. Ол әр 6 ай сайын ұзартылатын болады. Осыған байланысты уәкілетті тұлғаларға бұйрықтың мерзімін ұзарту бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырамын», - деді Нұрлан Ноғаев.